Ғасырлармен үндескен асыл қазына: әдеби экспозиция
8-13 қыркүйек күндері Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз жұмысын бастады. «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер Әлемі» атты этноауылға келушілер халқымыздың бай мәдениетімен және көшпенді халықтардың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды.
Абай облысының атынан құрылған үш киіз үйдің біріне Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты әдеби экспозициясын қойып, шара қонақтарын таныстыруда. Шараның мақсаты тарихи кітапхана қорындағы көне жәдігер – кітап ескерткіштерімен көпшілік қауымды кеңінен таныстыруға бағытталды. Салтанатты шара қонақтарына данышпан ақын үшін таным баспалдақтары болған құнды мұралар, Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдар мен Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген кітаптар ұсынылды.
Арнайы сирек дереккөз-түпнұсқа әдебиеттерден ұйымдастырылған көрмеден Абайдың көзі тірісінде ол туралы жазылған басылымдар көрініс тапты. Ақын өзі мүшесі болып, жұмысына араласқан Семей облыстық Статистика Комитетінің, Бастауыш білім беру қоғамының, Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Семей Бөлімшесінің «Есептері…», «Запискилері…», «Памятная книжкалары…» сияқты ғылыми басылымдар таныстырылды.
Семейдің қоғамдық кітапханасын алғаш ұйымдастырушылар қатарында болып, іргелі мәдениет ошағына айналуына өз үлесін қосқан қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы мен кітапхананың байланысы жайлы берілген мол ақпарат қатысушылардың қызығушылықтарын тудырды.
Сонымен қатар, осындай құнды мұралармен бірге қазақ үйге келуші қонақтарды Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы бойынша «Abay Media Group» ЖШС жасаған данышпан ақын мен ұлт зиялыларының бейнелерін нейрожелі арқылы жандандырған жасанды интеллект мүмкіндіктері қарсы алды. «Abay IT Valley» технологиялық кластері мен «Abay Media Group» ЖШС бірлесе отырып, қасиетті жерлер мен киелі орындардың 360 градус нұсқадағы виртуалды көріністері мен голограммалары да келушілер үшін тосын сый болды. Осындай технологиялық жаңалықтармен үндескен әдеби экспозиция өте мазмұнды өтуде.
Абай облысының атынан құрылған киіз үйге келген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтарына Абай кітапханасының тарихы мен сирек басылымдар жайлы және «Алаш» электронды кітапханасын таныстыратын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі буклеттер мен бетбелгілер ұсынылды.
«Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты әдеби экспозицияға қызығушылық танытқан Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын 14 қыркүйекке дейін «Көшпенділер Әлемі» атты этноауылда күтеміз.