Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат»: оқырмандар конференциясы
27 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалық шаққа саяхат» атты повесі бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді. Конференцияға Шәкәрім университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенттері қатысты.
Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан жазушы “Балалық шаққа саяхат” повесінде балғын балалығының қиындыққа толы болғанын жеткізген. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, сәби жастағы інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген.
Шара барысында А. Кәріпбай автордың өмірбаяны мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, «Балалық шаққа саяхат» шығармасының мазмұнын ашып көрсетті. Қазіргі және бұрынғы замандағы жетімдіктің зардабын шеккен балалардың азабы мен қайғысына, жетім балалардың өміріне баса назар аударды. И.Исмайлова шығарманың өзіне, онда кездесетін әр кейіпкердің мінез-құлқына, өзекті мәселелеріне тоқталып, таныстырды.
Баяндама барысында «Балалық шаққа саяхат» туындысындағы негізгі оқиғаларды талдап, маңызы мен тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды.
Студенттер шығарма аясында бір-бірімен пікір алмасып, ескі мен жаңа заманның, қазіргі уақыттағы жастардың тағдырындағы ерекшеліктері мен тәрбие жағын кеңінен қарастырды. Ашаршылық кезіндегі жетім балалар бауырларының бір күн тоқ болуы үшін, кішкентай кезден жұмысқа жегіліп, балалық шағын ұмытқандығына көп назар аударды. Студенттер кітаптың әр тарауына жеке-жеке тоқталып, сол замандағы қаталдыққа толы қиын күндерде өмір кешкен әр кейіпкердің іс-әрекеті мен ішкі толғаныстарына талдау жасады.