Жұмағали Сәрсеков – журналист, жазушы: жазушы ұрпағымен кездесу кеші
4 қазан күні Абай кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен журналист, жазушы, драматург Жұмағали Сәрсековтың туғанына 125 жыл толуына орай «Жұмағали Сәрсеков – журналист, жазушы: жазушы ұрпағымен кездесу кеші» кеші өткізілді. Шараға жазушының немересі, Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің Абай ауданы бойынша төрағасы, спорт журналисі, өлкетанушы, запастағы подполковник Станислав Сәрсеков қатысты. Ол тыңдаушыларды жазушының шығармашылығымен және оның Семейдегі өмір кезеңдерімен таныстырды. Ол 1932-1933 және 1937 жылдары «Социалды Шығыс» (Семей таңы) газетінің редакциясын басқарды, Семей облыстық партия комитетінің мүшесі болды.
Кітапхана маманы Жұмағали Сәрсеков есімімен байланысты сирек қордағы кітап туралы мағлұмат берді. Бұл латын әліпбиімен жазылған автордың «Салмақпай» бүркеншік атымен 1936 жылы шыққан «Тоқсан» фельетондар мен әзіл-оспақ жинағы. Іздеу барысында кітапхана мамандары бұл жинақтың авторлығын анықтап, біздің кітапхананың байырғы оқырманы, жазушының немересі Станислав Сәрсековпен байланыс орнатылды. Отбасылық мұрағаттың арқасында фельетондар жинағының авторы туралы толық өмірбаян жасауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ жастар Қазақстандағы фельетон жанрының даму тарихымен танысты.
Сонымен қатар, кітапхана маманы Жұмағали Сәрсековтың көзі тірісінде И.С.Тургеневтің «Рудин» және Жюль Верннің «20 тысяч лье под водой» кітаптарын аударғаны жайлы ақпарат берді. 1952 және 1953 жылдары шыққан екі кітапта кітапхана қорында сақталған. Кітапхана қорында 1940 жылы латын тілінде Қажым Жұмалиевтің 8-9-10 сыныптарға арналған «Әдебиет теориясы» сирек басылымы да сақталған, оқулықтың жауапты редакторларының бірі Жұмағали Сәрсеков болды.
Шара соңында Станислав Сәрсеков өзінің журналистік және өлкетану қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп, Семей футболының даму тарихына қатысты өлкетану зерттеулеріне қатысты қызықты әңгімелер айтты. Сондай-ақ ол жастарға жеке хоббилерін табуға кеңес берді.
Шараға қаламыздың № 2 орта мектептің 10-сынып оқушылары қатысты.
Көрермендер назарына Жұмағали Сәрсековтың есіміне байланысты сирек басылымдардан кітап көрмесі мен тұсаукесер, Станислав Сәрсековтың спорттық баяндамалары мен өлкетану зерттеулері, сондай-ақ «Ара» сатиралық журналының 1956 жылғы алғашқы саны ұсынылды.
.