Өмір арнасындағы толғаныс: кездесу кеші
8 қазан күні Абай кітапханасында қазақ өнері мен мәдениетінің, білім саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, 1999 жылдан 2011 жылдары М. Төлебаев атындағы музыкалық училищенің басшысы болған, Абай атындағы облыстық драма театрын 20 жыл басқарған, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Республикалық «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының президенті, Отантай Кәрібжановтың 80 жасқа толуына орай «Өмір арнасындағы толғаныс» атты кездесу кеші өткізілді.
Шараға зиялы қауым өкілдері, қала мектептерінің ұстаздары және М. Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері қатысты.
Кеш барысында О.Кәрібжанұлының үзеңгілес достары, замандастары, М.Садықов, М.Әлин, А.Азаматовтар сөз сөйлеп, өмір өткелдерінен толғаныстарын жеткізіп, естеліктер айтса, шәкірті, Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры Айбек Бекбосынов құттықтай келіп, күйден шашу шашты.
Қазақ өнерінің қадірін түсінетін, халқының қадірменді ақсақалы О.Кәріпжанұлы жастарға өнегелі әңгіме айта отырып, өмір жолындағы ізденістері туралы сыр шертті.
Кеште қалалық мәдениет сарайының әншілері Б.Слямқұл, М.Сарбасовалар ән айтып, ыстық лебіздерін жеткізсе, көрермендер кеш қонағына өз сауалдарын жолдады.
Шара соңында О.Кәрібжанұлы Абай кітапханасының ұжымына алғысын білдіре отырып, қызметтік жеміс тіледі.