Менің елім – Қазақстан: ақпараттық сағат
2024 жылдың 23 қазанында Республика күніне орай «Семей қаласының жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде» Абай кітапханасы қызметкерлері «Менің елім – Қазақстан» атты ақпараттық сағат өткізді.
Іс – шара шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқаумен ашылды.
Екі тілде өткен шара барысында тыңдаушылар Қазақстанның Республика күні мерекесінің даму тарихымен, Қазақстандағы тәуелсіздіктің даму кезеңдерімен танысты. Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның тарихи тұлғалары туралы баяндайтын қазақ тіліндегі бейнероликті және орыс тілінде республиканың қазіргі жетістіктері туралы «Қазіргі Қазақстан» бейнеролигін тамашалады.
Іс-шараға қатысушыларға «Қазақстанның жетістіктері» тақырыбын қамтитын мерекелік викториналық сұрақтар қойылды. Ең белсенді қатысушылар: Зубридский С., Голодова Р., Калтаев А. және Серікбаева Б. кітаптармен марапатталды.
Шара барысында үш тілде кітап көрмесі дайындалып, онда тәуелсіздік жайлы, Қазақстанның жетістіктері, Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі тарихы мен саясаты туралы баяндайтын кітаптар мен монографиялар ұсынылды: «Мен Қазақстан Азаматымын», «Қазақстан Елтаңбасы» Ж.Мәлібекұлы, «История казахской государственности», «Казахская степь в архивных документах», «Some facts about Kazakhstan»», т.б.
Шара соңында мекеме басшылығы атынан Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлеріне алғыс хат табыс етілді.