Абай әлем тілдерінде: әдеби кеш
Абай кітапханасының маманы Ж.Ә. Манжибаева ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Шәкәрім университетінде ұйымдастырылған «Абай әлем тілдерінде» тақырыбындағы әдеби кеш қонағы болып қайтты.
Университет студенттері өз біліктіліктері мен білімдерін ортаға салып, ақын шығармаларын қазақ, орыс, түрік, неміс, ағылшын, қытай тілдерінде орындап, Абай туындыларының терең мағынасын ашып көрсетуге тырысты. Сондай-ақ, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен «Қайтқанда» тарауы бойынша сахналық қойылым көрсетті.
Кітапхана маманы Ж.Ә. Манжибаева «Абай сирек басылым беттерінде», «Абай әлем тілдерінде» тақырыбында дәріс айтып, кітапханадағы Абай шығармашылықтары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ, кітапхананың алтын қорындағы сирек өлкетану басылымдары ғасырдан ұзақ уақыт бұрын кемеңгер ойшылдың ел игілігі үшін атқарған қоғамдық қызметтерімен таныстырып, Абайдың қайраткерлік тұлғасын сомдайтын бұл сирек түпнұсқалар Абайтану ғылымының құнды дереккөздері болып табылатындығына тоқталды.
Абайды тануда үлкен ақпарат көзі болып табылатын Абай заманындағы сирек өлкетану қоры «Сельскохозяйственный обзор Семипалатинской области» статистикалық басылымы,1894 жылғы «Семипалатинские областные ведомости» газеті басылымы, Семей Географиялық Бөлімшесінің «Запискилері» басылымдарына шолу жасап, мол ақпараттармен бөлісті.
Кітапхана қорындағы 1936-1939 жж. жарық көрген латын қарпімен жазылған Абай шығармаларына, Абай шығармаларының өзге ұлт тілдерінде жарық көрген еңбектеріне кеңінен тоқталды.