Арап Еспенбетов «Абайды оқы, таңырқан…»: кітап таныстырылымы
2 сәуір күні Абай кітапханасында филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Семей қаласының және облыстың Құрметті азаматы Арап Сләмұлы Еспенбетовтің 80 жасқа толу мерейтойына орай «Абайды оқы, таңырқан…» атты кітап таныстырылымы өтті.
Тұсаукесерге БАҚ өкілдері, Семей қаласының зиялы қауымы, Бизнес және сервис колледжі мен жоғары гуманитарлық, заң және техникалық колледж студенттері шақырылды.
Жиналған қауымға, бүгінгі күннің 80 жас тойының иесіне ризашылық пен құрмет сөздерін Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының маманы Абдуллин Жасұлан Нұрланұлы, «Абай» журналының бас редакторы, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Отантай Кәрібжанов, «Құрмет» орденінің иегері Тоқаев Зейнолла Қалымбекұлы, ақын, әнші, өнертанушы, мәдениеттанушы Нұрқасым Құсмилия Жырғалұлы, Шәкәрім университетінің оқытушылары Амантай Исин мен Айбар Қадыров жиналған қауым алдында сөз сөйледі. Мәдениет үйінің директоры Жасұлан Тәжиевтің орындауында музыкалық өнер көрсетілді.
А.С. Еспенбетов 2023 жылдан бастап Абай ауданы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Абай жолы» кітаптар сериясының бас редакторы, 2024 жылы шыққан кітаптар топтамасында Арап Еспенбетовтің «Абайды оқы, таңырқан…» атты кітабы жарық көрді.
А.С. Еспенбетов 450-ден асатын кітаптар мен мақалалардың авторы. Солардың ішіндегі Абай, Шәкәрім, Қайым Мұхамедханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқа да көптеген зерттеулері жайлы іс-шараға келген қонақтар танысып, мағлұмат алды.
Кітаптың тұсаукесерінде автор «Абай өскен орта», «Абайтану», «Абайтанушы тұлғалар», «Абайдың бас шәкірті», «Ізденістер мен толғаныстар» атты бес бөлімге біріктірілген абайтану, шәкәрімтану, қайымтану, алаштану тақырыптарындағы зерттеулерін қамтыған «Абайды оқы, таңырқан…» атты кітапта жұмыс істеген кездегі естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, жиналғандар назарына Арап Сләмұлы Еспенбетовтің шығармаларынан және мерзімді басылымдардағы мақалалардан тұратын «Асыл тұлға, кемел ғұмыр» кітап көрмесі ұсынылды.