«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90 жыл» республикалық экспедиция мүшелерімен кездесу
15 мамыр күні Абай кітапханасында «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелерімен кездесу өтті. Экспедиция құрамында тележурналист, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Анарбай Бұлдыбай, қаламгер, журналист Көлбай Адырбекұлы және мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Серік Қалиев бар. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қазақ тілі мен әдебиетінің ұстаздары және студенттер қатысты.
Шара шымылдығын кітапхана директоры Мерей Қарт ашып, ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын көпшілікке жеткізді. Кездесу барысында экспедиция мүшелері сөз сөйлеп, «Зейнолла Сәнік қоры» атынан сыйлық табыстады. Сондай-ақ, «Зейнолла Сәнік қоры» туралы фильм көрсетіліп, жиналған қауымның назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Шәкәрім университеті Филология жоғары мектебінің 2 курс магистранты Мирас Зекенов пен КЯЛ-201 тобының студенті Индира Исмаилова баяндама жасады. Кездесу соңында Абай кітапханасының директоры Мерей Мейіртайұлы экспедиция мүшелеріне сиясы кеппеген «Аспанға құлау» атты кітабын тарту етті. Шара аясында жазушыға арналған «Этнограф Зейнолла Сәнік» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі жасақталды.
Айта кетсек, экспедицияны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы 2025 жылдың 31 наурызынан бастап ұйымдастырды. Бұл ауқымды жоба Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жүзеге асып отыр.