Ұлы ұлттың Абайы: танымдық сағат
1 тамыз күні Абай кітапханасында кітапхана мамандары ұлы Абайдың 180 жылдығы аясында қаламыздағы «Семей орманы» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері үшін «Ұлы ұлттың Абайы» тақырыбында танымдық сағат өткізді. Шарада Абайдың қоғамдық келбеті туралы мол ақпарат беріліп, кітапхананың алтын қорындағы Абайдың нәр алған әдебиеттері жайында сөз қозғалып, сирек қорлармен таныстырылды.
Аталмыш шарада ақын үшін саяси құрбандар Е.П. Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросстар мен кездесуі маңызды оқиға болғандығы жайында әңгіме өрбіп, Абайдың дүниетанымының қалыптасуына шығыстың ақындары мен ғалымдары – Фирдоуси, Әлішер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина, сондай-ақ орыс классиктерінің еңбектері әсер еткендігі жайында ақпарат берілді. Ұлы Абайдың аударма саласындағы сүбелі үлесі И.А.Крылов, М.Ю. Лермонтов, Гете және Байрондардың шығармаларын қазақ тіліне аударғандығы айтылып, оның қызығушылығына әлемдік мәдениет пен философия кіретіндігі сөз етілді.
Шараға қатысушылар ұлы ақын жайында ой қозғап, өлеңдеріне де бойлай түсті.





