Өлең – сөздің патшасы … : кең көлемді кітап көрмесі
Абай атындағы кітапхана қызметкерлері ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Шәкәрім университетінде өткен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Өлең – сөздің патшасы… » тақырыбында кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеде Абайдың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты биографиялық деректер, ақынның шығармашылығы, ғылыми зерттеулері және оның ақын шәкірттерінің мұралары ұсынылды.
Көрмеде бірнеше бөлім ұсынылды: «Абайдың өмірі және қоғамдық қызметі» бөлімінде ақынның өмірбаяны, оның қоғамдық қызметіне арналған ғылыми зерттеулер мен Абайтану саласындағы маңызды еңбектер, соның ішінде Ә.Бөкейханның Абай туралы тұңғыш некрологы, А.Байтұрсынұлының «Қазақтың басы ақыны» атты еңбегі, Тұрағыл Абайұлының естеліктері қойылды. «Абай мұрасы – құдіретті сөз әлемі» бөлімінде ақынның өлеңдері, қара сөздері мен поэмалары көрсетіліп, оның сөз өнері мен әдебиетке қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Бұл бөлімде Абайдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне (орыс, ағылшын, қытай, өзбек, кәріс және т.б.) аударылып, көпшілікке таныстырылды.
«Абайдың ақын шәкірттері» бөлімінде Абайдың шәкірттері мен ізбасарларының шығармашылығы, олардың әдеби мұрасы мен Абайтану ғылымындағы рөлі туралы мәліметтер ұсынылды. Көкбай Жанатайұлы, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенұлы сияқты ақын шәкірттерінің шығармалары көрсетілді. Ал «Абайтану. Ғылым мен зерттеу» бөлімінде Абай шығармашылығының ғылыми тұрғыдан зерттелуі, абайтанушы ғалымдар М. Әуезов, М. Мырзахметов, Қ. Мұхамедханов, Ғ. Есім және басқа да ғалымдардың іргелі зерттеулері таныстырылды.
Көрменің басты мақсаты — Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең зерттеп, оның қазақ әдебиетіндегі және мәдениетіміздегі алатын орны мен ықпалын көпшілікке таныту. Сонымен қатар, көрмеде кітапхананың сирек қорынан құнды материалдар мен Абай философиясы мен шығармашылығын терең үңіле зерттейтін әдебиеттер ұсынылды.





