Білімді біріктіре отырып, болашақты құрамыз: IFLA-ның Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі
2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында алғаш рет Орталық Азия өңірінде, Қазақстанда «Білімді біріктіре отырып, болашақты құрамыз» тақырыбында IFLA-ның Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтуде. Астана төрінде Америка, Аустралия, Италия, Франция, Қытай, Корея, Жапония, Оңтүстік Африка және басқа да 147 елден кітапхана өкілдері бас қосты.
IFLA Дүниежүзілік конгресінің Қазақстанда өтуі еліміздегі кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және кітапхана-ақпараттық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Халықаралық IFLA конференциясына Абай облысының кітапханаларынан, соның ішінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасынан өкілдер қатысты.
Конгресс барысында волонтер ретінде шетел әдебиеті бөлімінің мамандары А. Валиуллина мен Т. Нұрғазин қызмет атқарып, конференцияны ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысты.
Конференция делегаты ретінде кітапхана директорының орынбасары – Г. Аязбаева қатысты. Ол конференцияның ашылу салтанатына, кітапханаларда жасанды интеллектіні қолдану, пошта қызметімен өзара іс-қимыл жасау және басқа да секциялар жұмысына қатысып, тәжірибе алмасты.
Конференция кәсіби ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікті нығайтып, кітапхана ісіндегі үрдістермен танысуға мүмкіндік берді. Жиынның атмосферасы кітапхана саласындағы кәсіби қызметті кеңейтіп, нығайтуға септігін тигізді.






