Үздік жас кітапханашы – 2025: байқау
27 тамыз күні Абай кітапханасында Қазақстанның көрнекті кітапхана қайраткері Роза Бердіғалиеваның 80 жылдығына арналған «Үздік жас кітапханашы – 2025» республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас кітапханашылар өздерінің кәсіби білімі мен өнерін ортаға салып, бақ сынады. Байқау шартына сәйкес, 35 жасқа дейінгі, еңбек өтілі кемінде екі жылды құрайтын көпшілік кітапханалардың жас мамандары қатысуға мүмкіндік алды.
Жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеруге, кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған байқау ерекше тартысты өтті.
Іріктеу кезеңінің нәтижесінде Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Сейлова үздік өнер көрсетіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ол алдағы уақытта ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастыратын ақтық сынға қатысып, Абай облысының намысын қорғайды.
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, естелікке кітаптар сыйға тартылды. Жас мамандар үшін бұл байқау тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейін шыңдауға үлкен мүмкіндік болды.









