Ғасырлармен үндескен асыл қазына: көрме
28 тамыз күні Абай кітапханасында «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты көрме кітапхана қонақтарының назарына ұсынылды. Көрмеге кітапхананың алғашқы тұрақты оқырмандарының санатында болып, өмірінің соңына дейін кітапханамен байланысын үзбеген кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы жайында мағлұмат беретін түпнұсқалар қойылды. Сондай-ақ, ақынның көзі тірі кезінде ол туралы жазылған, өзі мүшесі болып жұмысына араласқан Семей облыстық Статистика Комитетінің, Бастауыш білім беру қоғамының, Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Семей Бөлімшесінің «Есептері…», «Запискилері…», «Памятная книжкалары…» сияқты ғылыми басылымдар да көрме төрінен орын алды.
Ал, Алаш зиялыларының көзі тірісінде жария көрген еңбектері тарихи мәнділігімен көрмеге ерекшелік берді. Сонымен қатар, қазіргі таңда антиквариатқа айналып отырған 30 бөлек түптелген құран сүрелерінен тұратын «Құран» кітап пен ерекше сипаттағы басылымдар оқырман назарына ұсынылды.
Ғасырлармен үндесіп келе жатқан асыл мұраларымыз XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген, бүгінгі күнмен байланысып, болашаққа жалғасатын құнды басылымдар арқылы көрініс тапты.






