Тіл – руханияттың темірқазығы: кітап көрмесі
5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық туы» атты облыстық фестиваль аясында Абай кітапханасы «Тіл – руханияттың темірқазығы» атты кітап көрмесін ұйымдастырыды.
Көрме екі бөлімнен тұрды. «Ұлт рухы – тіл, тіл рухы – Ахмет» атты алғашқы бөлімде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты еңбектер, 5 және 6 томдық шығармалар жинағы, «Қазақ» газеті жайлы материалдар, сондай-ақ архивтік фотосуреттер, мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар мен құнды деректер қойылды.
«Ұлттың ұлы қазынасы – тіл» атты екінші бөлімде ғалымның шығармашылық мұрасын танытатын еңбектері – «Әдебиет танытқыш», «Маса», «Қырық мысал», «Ақ жол», «Тіл тағылымы», «Оқуға шақыру» және басқа да шығармашылығы жайлы кітаптар оқырман назарына ұсынылды.
Көрмеге келген оқырмандар Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы, ғылыми еңбектері мен мұрағаттық деректері арқылы ұлт ұстазының мол рухани қазынасымен танысты.







