Президент Жолдауы: стратегия мен мақсаттар:экспресс-трибуна
16 қыркүйек күні Абай кітапханасының маманы Электротехника колледжінің 1-курс студенттеріне «Президент Жолдауы: стратегия мен мақсаттар» тақырыбында экспресс-трибуна өткізді.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Кітапхана қызметкері Жолдауда көтерілген елдің жаһандық саяси ахуалдағы орны, цифрлық трансформацияның маңызы, жасанды интеллект мүмкіндіктері, сондай-ақ, цифрлық Алатау қаласының даму перспективасына тоқталды.
Студенттермен өткен ашық пікірталас барысында адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылар жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін жастардың заманауи технологияларды меңгеруі аса маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсынысы, суды ұқыпты пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы өзін-өзі ұстау әдебі туралы бастамалары студенттер назарына ұсынылып, ой қозғады.
Іс-шара жастардың саяси сауаттылығын арттырып, оларды ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеді.







