Ілияс Есенберлин “Көшпенділер”: әдеби сағат
17 қыркүйек күні «100 рухани мұра» жобасы аясында Абай кітапханасының қызметкері Семей қаласындағы №6 гимназияның 10-сынып оқушыларына қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша әдеби сағат ұйымдастырды. Бұл туынды – Қазақстан оқырмандарының таңдауы бойынша елдің 100 үздік әдеби шығармасының қатарына енген бірегей еңбек.
Әдеби сағат барысында оқушылар жазушының өмір жолымен, күрделі тағдырымен және оның шығармашылық мұрасымен кеңінен танысты. Шарада «Көшпенділер» шығармасындағы тарихи оқиғалар мен көркем бейнелерге ерекше назар аударылды. Оқушылар XV ғасырдың ортасынан XIX ғасырдың ортасына дейінгі қазақ тарихының негізгі кезеңдерімен, дала өркениеті мен қазақ мемлекеттілігінің даму жолымен танысып, Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары – Керей мен Жәнібек, Бұрындық, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан секілді тарихи қайраткерлердің көркем бейнесі жайында ой қозғады.
Шара соңында қатысушыларға Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына арналған танымдық викторина ұйымдастырылды. Белсенділік танытқан оқушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Әдеби сағат оқушыларға ұлттық тарих пен әдебиеттің өзара байланысын терең түсінуге мүмкіндік беріп, отансүйгіштік рухын оятуға ықпал етті.





