Ұлт рухының жыршысы – Несіпбек Айтұлы: кітап көрмесі
17 қыркүйекте Абай кітапханасында «100 рухани мұра» жобасы аясында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толғанына орай «Ұлт рухының жыршысы – Несіпбек Айтұлы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, жастарды отансүйгіштікке, ұлттық рух пен әдебиетті қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрмеге ақынның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары, поэмалары мен таңдамалы шығармалары қойылды. Атап айтқанда, оқырмандар назарына «Таңдамалы туындылары», «Арқатірек», «Ту», «Есіл де есіл, есіл күн», «Дүние – қобыз, мен – абыз» сияқты кітаптары ұсынылды. Сонымен қатар, «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасының қорытындысы бойынша Қазақстанның 100 үздік туындысының қатарына енген «Дариға, дәурен» өлеңі де көрме төрінен орын алды.
Көрмеде ақын шығармаларымен қоса, оның шығармашылығына арналған зерттеу еңбектері мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар да көрермен назарына ұсынылды.






