Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру: көшпелі отырыс
17 қыркүйекте А.С. Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасында Қазақстан кітапханалар Одағының «Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбындағы кезекті көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Бұл шара еліміздегі кітапханалар саласындағы заманауи өзгерістер мен жаңа технологияларды енгізу, оқырмандарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселелерін талқылауға арналған.
Отырысқа Абай кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева мен жас кітапханашы Альфия Берікқожанова қатысты. Гүлмира Мұратқызы өз баяндамасында «Жергілікті қаламгерлер шығармашылығы – кітапханалар қорын толықтыру көзі ретінде» тақырыбын жан-жақты ашып, өңірлік авторлардың еңбектерін насихаттаудың маңыздылығына баса назар аударды. Ол кітапхана қорын байытудағы жергілікті әдебиеттің рөлі мен оқырмандардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан кітапханалары Одағының атынан Г. Аязбаева «Жыл кітапханашысы – 2025» номинациясымен марапатталды.
Көшпелі отырыс Қазақстан кітапханаларының өзара ынтымақтастығын нығайтып, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар мен жобаларды іске асыруға үлкен серпін берді.




