Тіл – халықтың жаны: Міржақып Дулатұлының ұлттық идеясы: әдеби-танымдық сағат
18 қыркүйекте Абай кітапханасында «Тіл — халықтың жаны: Міржақып Дулатұлының ұлттық идеясы» тақырыбында әдеби-танымдық сағат өткізілді.
Іс-шараға Семей медицина университетінің ЖББП кафедрасының оқытушылары Жорокпаева М. Д. және Абешова Н. М. жетекшілігімен 1309, 1310, 1311 стоматология топтарының студенттері мен 1509 шетелдік студенттер тобы қатысты.
Шараның басты мақсаты — Алаш арысы, қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын терең таныстыру, оның ұлттық идея жолындағы еңбектерін насихаттау, сондай-ақ студенттерді ана тіліне, тарихына, мәдени мұрасына құрметпен қарауға баулу болды.
Әдеби сағат барысында Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды дәріс оқылып, қатысушылар ұлы тұлғаның қызы — Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерімен танысты. Сонымен қатар, деректі материалдар негізінде дайындалған бейнеүзінділер көрсетіліп, тарихи мағлұматтар берілді. Арнайы көрме ұйымдастырылып, көрмеге ақынның «Оян, Қазақ!», «Алашқа», «Бақытсыз Жамал» кітаптары, 5 томдық шығармалар жинағы және мерзімді басылым беттеріндегі Міржақып Дулатұлның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың мақалалар мен естеліктер қойылды.
Шара барысында ақпарат екі тілде — қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылды. Стоматология топ студенті Холова Жасмин ағылшын тілінде түсіндірме жасап, шетелдік студенттердің де тарихи тақырыпты тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында Алаш зиялылары туралы викториналық ойын өткізіліп, студенттер білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар, белсенді студенттер Абай Құнанбайұлы мен Міржақып Дулатұлының өлеңдерін қазақ, ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқып, өз ой-пікірлерін білдірді. Шара соңында қатысушылар тарихи тұлғалар туралы тереңірек мағлұмат алғандарын айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Бұл танымдық іс-шара студенттердің тарихи-мәдени дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың ұлттық рухын, ана тілі мен төл әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.






