KITAP TIME – 2025: жалпы республикалық кітап фестивалі
25 қыркүйек күні Абай кітапханасында «KITAP TIME – 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі салтанатты түрде өтті. Халықты бір рухани арнада тоғыстырған фестиваль – кітап оқуды дәріптеуді, жастарды рухани және интеллектуалдық тұрғыдан дамытуға ынталандыруды, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауды көздеді.
Фестивалдің шымылдығы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Семей қалалық филиалының эстрадалық ән-би орталығының солисті Мадат Намыстың орындауындағы «Отаным» әнімен ашылды. Алғашқы құттықтау сөзді Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлин Мұрат Сейсенұлы алып, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Соғымбай Олжас Амангелдіұлы арнайы келіп, шараның мән-маңызына тоқталып, кітаптың қоғамдағы орны туралы жүрекжарды лебізін жеткізді.
Шара барысында сахна төріне көтерілген «Семей орыс әлеуметтік-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанатының мүшесі Ариадна Новикова әсем әуенмен кештің көркін келтірді. Фестивальге зиялы қауым өкілдері, әскери бөлім сарбаздары, студенттер, мектеп оқушылары, кітапхана оқырмандары мен қала тұрғындары белсене қатысып, рухани азық алды.
Түрлі танымдық, шығармашылық бағыттағы іс-шаралар аясында қонақтар мазмұнды бағдарламаның куәсі болды. Атап айтсақ, «Кітап – асыл қазына» атты Қарағанды қаласының «Qasymkitap» баспаханасының кітап жәрмеңкесі мен «Қолөнер – бабадан қалған мұра» атты қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Менің сүйікті кітабым», «Абай жолы – жауһар туындылар», «Семейлік ақын-жазушылар», «Үздік 100 кітап» сынды кітап көрмелері келген қонақтардың назарына ұсынылды. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге арналған «Сиқырлы бояулар әлемі» атты шығармашылық шеберлік сағаты, «Әлем әдебиетінің алыптары» атты әдеби викторина өткізіліп, мектеп оқушылары Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетті жаңғырту мақсатында «Ұлттық дәстүр – ұлт қазынасы» атты халқымыздың салт-дәстүріне негізделген ұлттық ойындар бағдарламасы да ұйымдастырлды.
«KITAP TIME – 2025» фестивалі – рухани жаңғыру мен ұлттық болмысты дәріптеудің жарқын көрінісі. Кітап оқуды насихаттаудағы бұл бастама тек танымдық іс-шара емес, қоғамды біріктіретін, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін рухани алаңға айналды. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың бойында рухани серпіліс тудыратыны сөзсіз.















