Тірі кітапхана: кітап тұсаукесері
25 қыркүйек күні Абай кітапханасында өткен «KITAP TIME – 2025» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында белгілі өлкетанушы, «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасановтың «Из находок краеведа» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Жаңа туындының таныстырылымы оқырманды туған өлке тарихының терең қатпарларына бойлатқан тағылымды кешке айналды. Марат Сасанов студенттермен кездесу барысында өзінің көпжылдық өлкетану еңбектерінің қызықты сәттерімен бөлісті. Автордың баяндауында өмірге келген «Уақыт бойынша жебенің ұшуы», «Еден астындағы монеталар», «Мортир бомбасы» секілді жаңалықтар студенттерге ерекше әсер қалдырды. Ол әрбір табылған жәдігердің артында тұтас бір дәуірдің ізі, ұмыт қалған тарихтың үні жатқанын ерекше тебіреніспен әңгімеледі.
Автордың айтуынша, өлке тарихының қызығы мен құпиясы көп. Сол себепті оны зерттеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жеткізу – әрбір ізденуші азаматтың парызы. Жиналған қауым назарына Марат Сасанов өз коллекциясынан шағын өлкетану көрмесін ұсынды. Көрмеге қойылған тарихи жәдігерлер студенттер мен оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ең құнды артефактілердің бір бөлігі бүгінде Семей қаласының мұражайларына табысталып, ел игілігіне айналған.
Іс-шара барысында автор студенттерге арналған шағын викторина ұйымдастырып, тарихи білімдері мен зейінін сынға салды. Сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушыларға Марат Сасанов өз қолымен тапқан нағыз тарихи артефактілерді естелік ретінде сыйға тартты.
Кештің көркем мазмұнын өлкетану тақырыбындағы кітаптардан құралған арнайы көрме толықтырды. Бұл көрме арқылы оқырмандар туған өлкенің тарихы туралы сирек деректермен танысып, рухани азық ала алды.
Айта кетсек, автордың жаңа кітабы заманауи технологиямен жабдықталған. Кітап ішіне енгізілген QR-кодтар арқылы оқырмандар тек мәтінді оқып қана қоймай, онда сипатталған артефактілердің шынайы фотосуреттерін көріп, бейнематериалдармен таныса алады. Бұл – тарихты жаңаша танып-білудің, ұрпақпен жаңаша тілдесудің ерекше үлгісі.






