Қайран Әбубәкір «Байтақ»: онлайн кездесу
Қыркүйек айының 25-ші жұлдызында «Kitap time -2025» жалпы респубикалық аясында ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері Қайран Әбубәкірмен Zoom платформасында онлайн кездесу өтті.
Онлайн кездесу барысында ақынның «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген «Байтақ» атты терең мазмұнды жыр кітабы жайлы айтылып, ақынға шығармашылығы туралы бірқатар сұрақтар қойылды.
Кездесу барысында «Байтақ» кітабынан үзінді жырлар оқылып, қатысушылар ақынға өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Сондай-ақ, Қайран Әбубәкір өзінің шығармашылық жолында үлгі тұтқан танымал жерлестеріміз Қайым Мұхамедханов, Төкен Ибрагимов, Қинаят Шаяхметов жайлы жылы лебізін білдірді.
1983-1985 жылдары республикалық «Балдырған» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, бұдан кейінгі уақыттарда «Жалын» баспасында редактор, «Қазақстан мектебі» журналында бөлім меңгерушісі және «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, халықаралық «Дала» журналында бас редактордың орынбасары, «Қазақ тарихы» журналында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарғаны жайында айтып, қатысушылармен еңбек жолымен бөлісті.
Шара барысында ақын «Қасқыр», «Бөртостаған» өлеңдерінің, «Мұрын ана – Жүзей қыз» поэмасының және «Арғымақ пен Қазанат» новелласының шығу тарихымен бөлісті. Сонымен қатар, «Байтақ» жыр кітабынан бөлек ақынның «Күмән мен күнә», «Жасыл жаңбыр», «Мен ғашықпын ғаламға», «Наркескен», «Ерасыл», «Маңдайдағы жазулар» еңбектері жайлы сөз қозғалып, шығармашылық жолына жалпы шолу жүргізілді.
Онлайн кездесуде ақын Қайран Әбубәкірдің шығармашылығындағы шындық пен шынайылық, ұлттық рух қатысушыларға рухани азық бола білді!





