Т. Әбдік «Парасат майданы»: оқырмандар конференциясы
9 қазан күні Абай кітапханасында Қазақстанның көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Конференция «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Семей қаласының Шәкәрім университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Тоқсамбаева Айман Омарқанқызы және КЯЛ-201 тобының студенттері қатысты. Басқосуда Қайратова Данара мазмұны терең, ой тұжырымы бай баяндама жасап, тыңдаушыларды шығарманың идеялық өзегіне терең үңілуге жетеледі. Оның баяндамасы шығармадағы адам рухының арпалысын, ізгілік пен зұлымдық арасындағы мәңгілік тартысты көркем тілмен, әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.
Шығарма адамзаттың рухани әлемін, ар-ождан мен зұлымдық, ізгілік пен қатыгездік арасындағы мәңгілік күресті терең философиялық тұрғыда суреттейді. «Парасат майданы» – адамның ішкі әлемін, жан азабын, қоғамдағы әділетсіздікке қарсылық пен рухани күйзелісті айқын бейнелеген туынды.
Конференция барысында студенттер шығармадағы басты кейіпкер мен оның «ішкі дауысы» арасындағы күресті талдап, адам бойындағы екі түрлі бастау – ізгілік пен зұлымдықтың табиғатын ашуға тырысты. Оқырмандар жазушының психологиялық шеберлігі мен философиялық терең ойына тоқталып, повестің композициясы мен идеялық құрылымына талдау жасады.
Қатысушылар адам мен қоғам, ар мен ақыл, парасат пен пенделік арасындағы күресті Төлен Әбдік өз туындысында шебер көрсете білгенін атап өтті. Конференция соңында студенттер шығарманы адамгершілік пен рухани тазалықты сақтауға үндейтін, ойландыратын терең философиялық туынды деп бағалап, оны заманауи қазақ әдебиетінің биік жетістігі ретінде түйіндеді.
Талантты қаламгердің бұл еңбегі оқырманға өзін, өз заманы мен қоғамын тануға мүмкіндік беріп, келер ұрпаққа да ой салары сөзсіз.






