Қазақ халқының салт-дәстүрлері кітап көздерінде: танымдық сағат
10 қазан күні Абай кітапханасында Бизнес және сервис колледжінің бірінші курс студенттері үшін Республика күніне орай «Қазақ халқының салт-дәстүрлері кітап көздерінде» атты танымдық сағат өтті. Студенттерге бұл мерекенің тарихы, оның пайда болу көздері, Қазақстанның егемендігін жариялаған Декларация және мемлекеттің тәуелсіздік негіздері туралы мағлұмат берілді.
Іс-шара барысында Қазақстан халқының өмірімен тығыз байланысты салт-дәстүрлердің тарихына ерекше назар аударылды. Студенттер ерулік, бата беру, шілдехана, тұсау кесу, сүйінші, байғазы, есім қосу, сәукеле кигізу және басқа да салт-дәстүрлермен кеңірек танысты. Бұл дәстүрлер тарихтан бастау алып, қазіргі заманға дейін жалғасып келеді.
Сонымен қатар, қазақтың аңыздарына да ерекше көңіл бөлінді. Халық шығармашылығы арқылы мемлекетіміздің тарихи атрибуттарының қазіргі дәстүрлерге қалай айналғаны көрсетілді. Атап айтқанда, студенттер «Алтын адам», «Бәйтерек», «Домбыра» және «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» туралы аңыздармен танысты.
Көрнекі материал ретінде қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы бейнематериал және «Домбыра туралы аңыз» атты мультфильм ұсынылды.
Сондай-ақ, студенттерге кітапхана бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олар кітапхананың тарихымен және бөлімдерімен танысты.





