Есіл де есіл, есіл күн: поэзиялық кеш
21 қазан күні Абай кітапханасында «Қазақстанның 100 танымал кітабы» бағдарламасы аясында Несіпбек Айтұлының 75 жылдығына арналған «Есіл де есіл, есіл күн» атты жыр кеші өтті.
Кездесуге этнограф, өлкетанушы-тарихшы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсембеков Аймұханбет Тұрсынбекұлы шақырылды. Электротехника колледжінің студенттері Несіпбек Айтұлының өмірбаянымен таныстырылып, оның өмірі мен шығармашылық ізденісі туралы деректі фильм көрсетті.
Мұхаметқазы Мұхамадиұлы мен Бейсембеков Аймұханбет Тұрсынбекұлы Несіпбек Айтов туралы естеліктерімен бөлісіп, өмірі мен шығармашылығынан қызықты әңгімелер айтып, шығармашылығына ғана емес, адами қасиеттеріне, өмірге деген сүйіспеншілігіне, ақындық сөзінің көркемдігіне мән берді.
Поэзиялық кешке №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Темірғалиева Данагүл Оралбайқызының оқушылары Бекжанова Кәусар, Төлеубекова Ақжарқын, Алмасұлы Ілияс ақынның өлеңдерін оқыды.
Қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары Жанболат Шәріпов пен Айдан Бауыржанұлы Н.Айтовтың «Арманай», «Сары арқа» өлеңіне жазылған әндерін орындап, поэзия кешінің ерекше көрігін келтірді.
Жиналған қауым үшін ақын өмірінен сыр шертетін «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітап көрмесі жасақталып, көпшілік назарына ұсынылды.







