Тұлғалар тағылымы: өлкетану оқулары
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын ұлықтауға бағытталған «Тұлғалар тағылымы» тақырыбында өлкетану оқулары өтті. Бұл танымдық шара Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы, Жұмағали Тілеулиннің 135 жылдығы, Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығы және Сейітқұлов Мұхамедханның 155 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер ұсынылды. Шара барсында тарихи бейнероликтер мен естеліктер көрсетіліп, олардың ел болашағы үшін атқарған еңбектері кеңінен насихатталды. Аталған шараға Қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушылары қатысты. Оқушылар арнайы ұйымдастырылған викторина арқылы білімдерін сынап, тарихи тұлғалар жайлы танымдарын кеңейтті.
Шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда Міржақып Дулатовтың «Оян, Қазақ!», «Алашқа», «Бақытсыз Жамал» атты кітаптары, 5 томдық шығармалар жинағы, сондай-ақ мерзімді басылым беттеріндегі оның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың мақалалар мен естеліктер қойылды. Сонымен қатар, Жұмағали Тілеулиннің 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Көз ауру – трахома», «Мерез» және 1926 жылы шыққан «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын аурулар» атты ғылыми еңбектері ұсынылды. Смағұл Сәдуақасұлына қатысты Диқан Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасов» атты зерттеу еңбегі де көрме сөресінен орын алды.
Кітапхананың сирек қорынан және мерзімді баспасөз беттерінен алынған материалдар негізінде жасақталған бұл көрме – Алаш қайраткерлерінің жазбаларын, фотосуреттерін, баспасөздегі жарияланымдарын тамашалап, олардың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Шараның басты мақсаты – ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыру, Алаш зиялыларының ел тәуелсіздігі жолындағы күресін ұмытпай, рухани сабақтастықты жалғастыру. Өлкетану оқулары – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Мұндай шаралар арқылы жас ұрпақ туған жердің тарихын тереңірек танып, елжандылық пен рухани құндылықтарды бойына сіңіреді.






