Б.Майлин «Шұғаның белгісі»: ақпараттық сағат
6 қараша күні Абай кітапханасында «100 кітап» ұлттық сауалнамасының нәтижесінде үздік 100 кітаптың қатарына енген, қазақтың көркем әдебиетінің негізін салушы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі бойынша ақпараттық сағат өтті.
Шара қаламгердің шығармаларын оқырмандарға дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып, Б.Майлин «Шұғаның белгісі»» тақырыбындағы кең көлемді көрмені таныстырумен басталды.
Көрмеге кітапхананың сирек қорында сақталған қаламгердің алғашқы шығармаларының латын және төте жазумен жазылған түпнұсқалары, әр жылдары баспадан шыққан шығармалары мен жинақтары, көп томдықтары және Б.Майлин туралы зерттеушілердің еңбектері мен мерзімді басылымдар қойылды.
Ақпараттық сағатқа қаламыздағы Семей қаласының №6 мектеп-гимназиясының оқушылары, Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University және Семей мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.
Сүбелі еңбектер жазған жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, өнегесі туралы оқырмандарға кеңінен айтылып, «Шұғаның белгісі» повесінің идеясы, композициялық құрылысы, шығарманың бастауы, ондағы басты кейіпкер Шұға мен Әбдірахманның арасындағы сезім, қоғамдағы шиеленіс оқырмандарға жан-жақты жеткізілді.
Бүгін де өзектілігін жоймай көпшіліктің жүрегінен орын тапқан үздік туындыны қаншама жылдар өтсе де жалықпай оқуға әлі де ниетті оқырмандар өз алғыстарын білдірді.





