Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі: өлкетану сағаты
6 қараша күні Абай кітапханасында Семей қаласының электротехникалық колледжінің студенттері мен «Ұлы дала» өлкетану клубының мүшелеріне қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, көрнекті қайраткер Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» атты ақпараттық сағат өтті. Шара барысында қатысушылар Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметі туралы мазмұнды мағлұмат алды.
Кітапхана маманы өлкетану компонентін пайдалана отырып, студенттерге Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға және біздің өлкемізге жасаған сапары жөніндегі тарихи деректерді таныстырды. Айта кетейік, бұл әйгілі экспедицияны семейлік көпестер Мир-Құрбан Аюпов пен Мұсабай Тоқтыбаев ұйымдастырған. Керуен Семей қаласынан шығып, Сергиополь тас жолы арқылы Аягөзге дейін созылған бағытпен жүрген. Ал Мұсабай Тоқтыбаев Шоқанмен бірге Қашқарға дейін бірге барған.
Іс-шара барысында қатысушылар XIX ғасырдағы белгілі өлкетанушылар Н.Я. Коншин мен Н.А. Абрамов құрастырған тарихи маршрут сипаттамасымен танысты. Сонымен қатар, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені, Мир-Құрбан Аюпов туралы жазылған еңбектерді, Сергиополь тас жолының карталары мен сызбаларын тамашалады.
Шара мазмұнын толықтыра түскен көркем безендірілген презентация қатысушыларға ұлы ғалым мұрасының терең мәнін ұғынуға мүмкіндік берді.





