Ә.Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»: оқырман конференциясы
12 қараша күні Абай кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романына арналған оқырмандар конференциясы өтті. Іс-шара «100 кітап» ұлттық сауалнамасы аясында ұйымдастырылды.
Конференцияға М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысып, романның мазмұнын терең талдап, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымдары туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Олар Ербол мен Меңтай бейнелері арқылы адалдық пен сүйіспеншіліктің, достық пен адамгершіліктің қадірін айқын сезінді.
Сонымен қатар, колледж студенттері Дінмұхамед Тілекұлы, Әли Шағбан және Назерке Баймолдинова жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өмір жолы мен әдеби мұрасы туралы мазмұнды баяндамалар оқып, көрнекті қаламгердің шығармашылығына тоқталып өтті.
«Махаббат, қызық мол жылдар» – қазақ оқырманының жастық шағымен біте қайнасқан, әр буынның жүрегіне жол тапқан мәңгілік махаббат жыры. Соғыстан кейінгі өмір мен студенттік шақты шынайы суреттеген бұл туынды уақыт өткен сайын өз құндылығын арттыра түсуде.





