М. Дулатұлы «Бақытсыз Жамал»: оқырмандар конференциясы
13 қараша күні Абай кітапханасында қоғам қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Конференция «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шәкәрім университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Тоқсамбаева Айман Омарқанқызы және студенттер қатысты. Басқосуда Назарбек Аяулым мазмұны терең, ой тұжырымы бай баяндама жасап, тыңдаушыларды шығарманың идеялық өзегіне терең үңілуге жетеледі. Оның баяндамасында шығармадағы қазақ халқының әлеуметтік өмірі, әйелдердің тағдыры, махаббат пен адамгершілік мәселелері терең қарастырылды.
Конференция барысында студенттер шығармадағы басты кейіпкер Жамал есімді қыздың тағдыры, оның махаббатқа деген құштарлығы және өмірдің қатал шындығына тап болуы жайлы ойларын талқыға салды. Қатысушылар «Бақытсыз Жамал» романының не себептен бұлай аталғандығын, бұл атау кейіпкер тағдыры мен қоғам шындығын қалай бейнелейтінін, басты кейіпкердің мінез-құлқы мен қасиеттері жайында ой өрбітті.
Шара соңында студенттер шығарманы қазақ әйелдерінің бостандығының жаршысына айналған, әйел бойындағы ерлік рухының ұшқыны бар қазақ әдебиетіндегі қаһарман қыздардың бейнесі деп түсінді.





