«Ешқашан болмаған… матч»: өлкетану қонақжайы
16 қараша күні Абай кітапханасында қала тұрғындары, кітапхана пайдаланушылары және балалар футбол клубтары үшін «Ешқашан болмаған матч…» атты өлкетану қонақжайы өтті. Шараға белгілі спорт журналисі, Қазақстан Республикасы Спорт баспасөзі федерациясының және «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамының мүшесі Станислав Сәрсеков қатысты.
Іс-шара Блантердің «Футбол маршы» әуенімен басталды. Бұл әуен 1995 жылы аты аңызға айналған «Елімай» командасының чемпион атанып, Қазақстан Кубогының жеңімпазы және халықаралық ойындарға қатысқан тарихына арналған. Айта кетсек, шараның спикері команданың футбол матчтары бағдарламаларының авторы және құрастырушысы болған. Ол 1995 жылғы маусымның негізгі сәттері мен алғашқы эмблеманың жасалуы туралы баяндап, 1990 жылдардағы Семейдегі «Тангейзер» тобы орындаған команданың әнұранының шығу тарихын және оның әлі күнге дейін Спартак стадионында шырқалатынын әңгімеледі.
Іс-шараға келушілер «Елімай» командасының тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы команда болғанын біліп, команданың үздік ойыншыларының фотосуреттерімен танысты. Олардың арасында Андрей Пинчуков, Андрей Мирошниченко, Олег Литвиненко және Константин Фриденталь болды. Сол команданың капитаны С.Вишняков пен К.Фридентал қазір «Елімай» футбол орталығында жаттықтырушы болып, шараға ойыншыларымен бірге қатысты.
Шара барысында баяндамашының қорындағы мерзімді басылымдар көрмесі өтті. Көрмеге қаламызда 1994-1995 жылдары шыққан «Елімай пресс» газетінің сирек басылымы қойылды. Газет сирек кездесетін жеке жинақтарда ғана сақталған. Абай кітапханасының маманы Семей қаласының электротехникалық колледжі мен балалар спорт клубтарының студенттеріне көрмеге шолу жасады.
Өлкетану қонақжайының символы 1995 жылдардағы матчтарда қолданылған футбол добы мен команданың әнұраны болды.
Шара соңында С.С.Сәрсеков кітапханаға өзі автор болып табылатын «Неповторимый хоккей» кітабын сыйға тартты.






