Семейдің тарихи-архитектуралық кеңістігі: экскурсия – презентация
20 қарашада балалардың өлкетану клубы Н. Л. Гидулян басқаратын электротехника колледжінің «Ұлы дала» клубының жас өлкетанушы студенттері үшін «Семейдің тарихи-архитектуралық кеңістігі» тақырыбында экскурсия – презентация өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – студенттерді «Мәңгілік Ел» көшесі бойындағы тарихи- архитектуралық орындармен таныстыру.
Шара барысында жасөспірімдер аталмыш көше атауының тарихымен танысып, өлкетану мұражайының (губернатор үйі), 1970 жылдары бұзылған әкім, көпес А. В. Москвиннің ғимараты және «Прогресс» кинотеатрының тарихы туралы ақпарат алды.
Шараға қатысушылар қаладағы орталық көшесімен серуендеп, көрнекті ғалым және абайтанушы Қайым Мұхамедханов көшесінде болып, ғалым есімімен жете танысып, оның мүсіндік-мемориалдық кешеніне тағзым етті.
Сондай-ақ олар 1986 жылғы желтоқсандағы Алматы оқиғаларына қатысқан студент Қайрат Рысқұлбековтың қаза болу тарихымен танысты.
Аталмыш шара кітапханада жалғасын тауып, онда студенттер фотосуреттерден тарихи ғимараттардың пайда болған ғасырын анықтайтын практикалық жұмысты орындады. Сондай-ақ 1888 жылғы Семей қаласының жоспары бойынша Александровская көшесін (қазіргі Мәңгілік Ел) тапты. Іс-шара барысында студенттер сұрақтар қойып, өз қорытындыларын жасады.






