Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне»: оқырмандар конференциясы
26 қараша күні Абай кітапханасында қазақтың көрнекті драматургі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Конференция «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Семей қаласының №31 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстаздары Смағұлова Самал Оралханқызы мен Советханова Еркежан Арманқызы және мектеп оқушылары қатысты.
Басқосуда Совет Таңнұр, Серікқызы Балауса, Жұмағазы Жасмин, Ерғазы Қуаныш және Азимханов Айқын мазмұны терең баяндамалар оқыды. Олар шығарманың негізгі идеялары мен кейіпкер тағдырын талдап қана қоймай, жасанды интеллект көмегімен комикс және мультфильм көрсетіп, тыңдаушыларға ерекше форматта таныстырды. Бұл шығарманы заманауи тәсілмен түсіндірудің жаңа үлгісі ретінде бағаланды.
Шығарма ядролық сынақ құрбандарының қайғы-шерін, рухани күйзеліс пен адамдық трагедияны терең философиялық және психологиялық тұрғыда суреттейді. «Мәңгілік бала бейне» – адамның ішкі жан дүниесін, қоғамның қасіретті тағдырын, әділетсіздік пен ар алдындағы жауапкершілік мәселелерін айқын бейнелеген туынды.
Конференция барысында оқушылар басты кейіпкер Ләйләнің тағдырын, оның рухани күйін талдап, адам бойындағы үміт пен үмітсіздік, қайғы мен төзім, зұлмат пен адамдықтың ара-жігін ашуға тырысты. Оқырмандар автордың психологиялық шеберлігі мен драмалық терең ойына тоқталып, шығарманың композициясы мен идеялық құрылымына талдау жасады.
Қатысушылар адам мен қоғам, ар мен қасірет, парасат пен пенделік арасындағы тартысты Роза Мұқанова өз туындысында шебер көрсете білгенін атап өтті. Конференция соңында оқушылар «Мәңгілік бала бейне» шығармасын адамгершілікке, рухани сергектік пен тарихи жадыны сақтауға үндейтін, ойландыратын терең философиялық туынды деп бағалап, оны заманауи қазақ әдебиетінің биік жетістігі ретінде түйіндеді.






