Ә.Әбілқасымұлының: кітап тұсаускесері
28 қараша күні Абай кітапханасында Құнанбай қажы атындағы «Алаш» аудармашылар одағының директоры, филология ғылымдарының магистрі, журналист, кәсіби аудармашы, салыстырмалы әдебиеттану теоретигі әрі терминтанушы Әліәкбар Әбіл-Серік Әбілқасымұлының әдебиеттану мен мәшһүртану ғылымдарына арналған 9 кітабының тұсаукесері өтті.
Аталған шараға әдебиет пен ғылым саласының өкілдері қатысып, жаңа еңбектердің маңызына тоқталды. Шара барысында мәдениет жанашыры, әнші, жыршы Құсмілия Жырғаұлы әдебиеттің рухани маңызы мен жас қаламгерлерге үлгі болатын еңбектер жайында ой бөлісті. Әлихан Бөкейханов университетінің профессоры Шынар Ботайқызы еңбектердің ғылыми құндылығы мен қазақ әдебиеттануына қосар үлесін атап өтті. Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының өңірлік төрағасы Қайрат Смағұлов тіл мен мәдениетті ұштастырудағы кітаптардың маңызы жайында сөз сөйлеп, авторға арнайы алғыс хат табыстады.
Іс-шараға қатысқан Семей Медициналық колледжі пен Шәкәрім колледжінің студенттері жаңа кітаптармен танысып, авторға өздерінің пікірлері мен сұрақтарын қойды. Бұл оқырмандардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа ғылыми бағыттар мен рухани құндылықтарды таныстырған тағылымды шара болды.





