Дулат Исабеков «Қарғын»: оқырмандар конференциясы
4 желтоқсан күні Абай кітапханасында жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің «Қарғын» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Конференция «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысы негізінде ұйымдастырылды.
Шараға Шәкәрім университетінің Филология жоғары мектебінің студенттері қатысты. Конференция барысында Дайырбекова Амина мен Ерболатқызы Аяулым «Қарғын» романы туралы баяндама оқып, романның мәні мен мазмұнына тереңірек тоқталып өтті.
Студенттер «қарғын» сөзінің мағынасы, романдағы оқиға желісі, басты кейіпкерлердің образы жайында сауалдарға жауап іздеп, пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, қатысушылар Жасын Мәдиевтің кейіпкерін ойы алғыр, биік интеллект пен жоғары талғам иесі деп бағалады.
Романда адам бойындағы шынайы махаббат, адал сезім мен биік парасат көрініс тапқан. Шара соңында оқырмандар «Қарғын» романы жарыққа шыққан сәтінен бастап жастардың сүйіп оқитын шығармасына айналғанын атап өтті.





