Ел таныған тұлғалар: шығармашылық кездесу
11 желтоқсан күні Абай кітапханасында «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптардың авторларымен шығармашылық кездесу өтті. Кездесуге ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Шағыр және белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Абайтану ғылымының негізін салушы Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Оразалин қатысты.
Шара барысында қаламгерлер өздерінің шығармашылық жолы, әдеби көзқарасы мен жаңа туындылары туралы кеңінен әңгімелеп, оқырманмен еркін пікір алмасты. Қатысушылар авторлардың әр шығармасының жазылу тарихы, тақырыптық ерекшелігі және қазіргі қазақ әдебиетіндегі орны жөнінде тың мағлұмат алды.
Кездесуге жиналған кітапсүйер қауым өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сұхбат өрбітті. Әдебиет жанашырлары үшін тағылымы мол бұл кездесу рухани ортадағы байланыстарды нығайтып, шығармашылыққа деген қызығушылықты арттырды.






