«Өлкетану альманахы – 2025. Қоғам қызметінің жылдық қорытындысы»: өлкетану қонақжайы
21 желтоқсан күні Абай кітапханасында кітапхана пайдаланушылары мен қала тұрғындары үшін «Өлкетану альманахы – 2025: Қоғам қызметінің жылдық қорытындысы» атты өлкетану семинары өтті. Өлкетанушылар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған қаладағы іс-шараларға қатысқандары туралы айтып, эвакуациялық госпитальдарда қайтыс болғандардың рухына арналған ескерткішке ерекше назар аударғандарын жеткізді. Әскери бейіттерді абаттандыру жұмыстары аясында олар Қарулы Күштер ардагерлер кеңесін, қалалық әскери бөлімдерді және еріктілерді ортақ жоба төңірегінде біріктірді.
Өлкетанушы, орнитолог Андрей Куряшкин мен сәулеттік пейзаж жанрындағы суретші Руслан Шақабаев бір жылға созылған көрмелері туралы баяндап берді. Көрмеде аймақ құстарының фотосуреттері мен ескі Семей қаласының келбетін жаңғыртқан көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Қоғам қызметінің бір бағыты сәулет ескерткіштерін сақтау мәселесіне арналды. Осы орайда өлкетанушылар тарихи ғимараттардың тізімін жасау жөніндегі жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті.
Өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов Алакөл көлінің маңына жасалған зерттеу сапары кезінде табылған бес керуенсарайға қатысты тың деректерге тоқталды. Ал Владимир Боровинский қоғамның өңірдегі мектептік өлкетану ұжымдарымен өзара ынтымақтастығы жайында баяндады.
Шара аясында кітапхана мамандары өлке тарихына арналған жаңа кітаптар мен жинақтардың кешенді көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамы мүшелерінің еңбектері де енгізілді. Атап айтқанда:
П.Н. Жуковтың «Сближения», М. Сасановтың «Из находок краеведа»,
А. Куряшкинаның «Христианство в Средней Азии и Семиречье: новые находки, новые открытия» атты еңбектері ұсынылды.
Сонымен қатар, автордың кейбір кітаптары онлайн форматта таныстырылды. Олардың қатарында «Христианские древности Семиречья и христианский мир», «Время собирать камни», «Техника вязки узлов», «Reddita selecta», «Fabulae Russicae» (орыс классик ақындары мен орыс халық ертегілерінің латын тіліне аудармалары) бар.
Көрмеде сондай-ақ өлкетану тақырыбындағы ашық хаттар, сызбалар, фотосуреттер мен өлкетанушы ғалымдардың тарихи олжалары қойылды.
Шара соңында кітапхана ұжымы өзара серіктестіктің белгісі ретінде өлкетану қоғамына «Абай облысының топонимдері. Исторические топонимы области Абай» атты құнды кітапты сыйға тартты.






