Қазақтың қайсар ғалымы: кең көлемді кітап көрмесі
Биыл қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, ғалым, ақын Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан ғалымның мерейтойы аталып өтіліп, арнайы іс-шаралар, кітап көрмелері ұйымдастырылуда.
21 қаңтар күні Абай кітапханасында «Қазақтың қайсар ғалымы» тақырыбында жасақталған кең көлемді кітап көрмесін Семей қаласының ардагерлер Кеңесінің мүшелері тамашалап, көрмеге арнайы шолу жүргізілді.
Көрмеге 2025 жылы кітапханамыздың «Абай жолы» кітапханасы топтамасымен шыққан Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері (1, 2-кітап), «Абай мұрагерлері» (3-кітап) мен ғалымның әр жылдары жарық көрген бірнеше шығармалары мен фотосуреттері, портреттері, өз қолымен жазған хаттарының көшірмелері, ресми құжаттар, СД дискілері және ғалым жайында ой толғаған жазушылардың кітаптары қойылған.
Көрме қонақтары ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижесінде қалыптасқан әр жылдардағы ғылыми еңбектер тұжырымдамасымен, тағдырлы да тағылымды ғұмыр жолымен танысып, ешқандай дауылға қаймықпаған қайсар ғалымның еңбегіне аса қызығушылықтарын танытты.





