Біздің өлкенің құстары: өлкетану клубы
3 ақпан күні Абай кітапханасының қызметкері «ЖасҰлан» мектеп-лицейімен жасалған ынтымақтастық келісім аясында балалар өлкетану клубымен «Біздің өлкенің құстары» атты өлкетану сабағын өткізді.
Сабақ кезінде балалар өздері білетін құстарды еске түсіріп, Қазақстаннан тыс жерлерде кездеспейтін қараторғайдың (қара лақа) тіршілік ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ дала халқы арасында кең тараған осы құсқа байланысты аңыз-әңгімелерді тыңдады. Іс-шараға «Ертіс өлкетану» қоғамының мүшесі Куряшкин Андрей Николаевич қатысып, құстарды бақылау бағытындағы зерттеу жұмыстары туралы айтып, біздің өңірдің ерекше құстары туралы баяндап берді. Кейбір қатысушылар өздерінің үй құстары жайлы әңгімелерімен бөлісті. Сонымен қатар, өңірімізде кездесетін сирек құстардың фотокөрмесі ұсынылды.
Оқушылар үшін Қазақстанның құстары мен жануарларына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Абай даласының табиғатын көркем бейнелейтін Б. Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы» атты еңбегі, Зоология институтының ғылыми зерттеулерін қамтыған «Қазақстан орнитологиясының жаңалықтары», Ж. М. Төреходжаев пен Р. А. Әлімбаевтың «Жыртқыш құстар», «Қазақстанның құстары», «Құстар» атты кітаптары, «Қазақстанның жануарлары» сериясы, сондай-ақ «Алтай-Саян экорегионының Қазақстан бөлігіндегі сирек және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері» және басқа да басылымдар ұсынылды.





