Өнер көгіндегі жарық жұлдыз: онлайн-сағат
Абай атындағы әмбебап кітапханасының өнер бөлімі мен Абыралы кітапханасы арасында 12 наурыз 2014 жылы Әйтікеш Толғанбаевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Өнер көгіндегі жарық жұлдыз» атты онлайн-сағат өткізді.
Қазақтың скрипка өнерінің негізін салушы, тұңғыш Скрипкашысы кәсіпқой Әйтікеш Толғанбаевтың қилы тағдыры өнердің ешбір ұлтқа, жікке бөлінбейтінін, қасарысқан дұшпандықтың да өнер алдында дәрменсіз екенін дәлелдеп кеткен. Анасы Бибісара Өтелбайқызы музыка тілімен айтқанда, өте сирек кездесетін мецо-сопрано дауысымен кешкілік ақын атаның сыршыл әндерін әуезге құмар ұлының құлағына тамызықтатып отыратын. Үш атадан келіп туысатын Абайдың әнін анасының аузынан естісе, Шәкерім қажының тағылымды кеңесі мен жүрегін жарып шыққан сиқырлы саздарын өз аузынан тыңдап өсті. 1936 жылы Алматыдағы музыкалық –драмалық техникумға оқуға түседі. Музыкалық ортаға тап болған Әйтікеш өзіне көптеген жаңалықтар ашып музыка, скрипка әлеміне бойлай түседі. Осы шығармашылығы жайында Абыралы кітапханасының қызметкерлері жан-жақты айтып өтті.
Іс-шара барысында жазықсыз жаламен жапа шегіп, тағдыр тәлкегін басынан өткерген өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы жайында інісі Валера Толғанбаевтың сұхбаты тыңдалды.
Қазақтың кәсіпқой скрипкашысы, өзінің дарынды өнерімен Европаны таңдандырып, «Қазақтың Паганиниі» атанған халқының атын шығарған Әйтікеш Толғанбаев қазақ тарихының бетінен өз орнын алып, елінің мақтанышына айналған, үлкен тұлға. Оның өмір жолы ерліктің үлгісі, жас ұрпақты отан сүйгіштікке, адалдық пен әділеттілікке, қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеуде ешуақытта мағынасын жоймайтын шындықтың шынар биігі болып мәңгілік қалады.
Іс-шара соңында пайдаланушылардың назарына Әйтікеш Толғанбаевтің өзінің орындауындағы бірнеше шығармалары тыңдалып «Қазақтың Паганиниі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.