Салт-дәстүрім – ұлттық қазынам: этнографпен сұхбат
2014 жылдың 16 сәуірінде Абай атындағы кітапхана қызметкерлері ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, Абай, Ақсуат ауданының Құрметті азаматы, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатұлымен әңгіме-сұхбатты бейнежазбаға түсірді.
«Туған өлкенің тарихы мен жетістіктері» жобасы аясында жүргізіліп жатқан бейнежазба қоры шежіреші Молдабек Жанболатұлы есімімен толықты. Ұзақ жылдар Абай, Ақсуат, Жаңасемей аудандарында комсомол, кеңес, партия органдарында басшылық қызметтерде болған қадірлі аға еліміздің Шығыс аймағында мәдениет, әдебиет, өнер, ұлттық рух туының биікте болуына ат салысып келеді.
«Таным. Талғам. Тағылым», «Әнет Баба», «Би ата», «Өнегелі өмір», «Наурызнама», 6 томдық «Тобықты -Шыңғыстау шежіресі» кітаптары жарыққа шығып республикамызға кеңінен танымал болып отыр. Тобықтыдан шыққан әйгілі адамдар мен елеулі есімдер өмірінің өнегелі үлгісін, Шыңғыс елінің, Абай ауданының тарихын нақты деректермен, тарихи құжаттармен айғақтау үшін көп жылдар еңбектенгенін тілге тиек етті. Саналы өмірінде өнегелі сөздерімен жас ұрпақты тәрбиелеуде талмай еңбектеніп жүрген ағаға зор денсаулық, шығармашылық жетістіктер тілейміз.