Батыр қыз Әлия: онлайн-кездесу
2013 жылдың тамыз айында ұлы Абайдың туғанына 168 жыл толуына арналған телекөпір Ақтөбе облысының Қобда аудандық кітапханасымен өткен болатын. Сол шарада семейліктер тарапынан келесі кездесу Әлия Молдағұлова өмірінің беймәлім парақтарына арналса деген ұсыныс болды. Міне, 2014 жылдың 15 маусымында Абай атындағы әмбебап кітапхана мен Ақтөбе облысының Қобда аудандық кітапханасы арасында онлайн-кездесу батыр қыз Әлияға арналды.
Бүгінгі тақырыптың кейіпкері – қазақтың Әлия атты қаршадай қызы соғысқа сұранып, ерліктің тамаша үлгісін көрсетті, Кеңес Одағының Батыры атанды. Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ақтөбелік өлкетанушы Ғалымжан Байдербес және журналист Ұзақбай Қауысов ағаларымыз Әлияның шыққан отбасынан бастап, соғысқа аттанғанға дейінгі қысқа болса да ерлікке толы саналы өмірінің беймәлім тұстарынан қызықты ақпараттарымен тыңдармандарды хабардар еткен онлайн-кездесу өте әсерлі өтті. Семейлік тыңдаушылар: ғалым, заңгер, мұғалім, зейнеткер, оқушы және кітапханашылар қауымы тарапынан қойылған сұрақтарға әлиятанушы Ғалымжан Байдарбес тыңғылықты жауап берді.
Әлия мен Мәншүк – бірін-бірі биіктетіп тұратын тұлға. Семей Мемлекеттік медицина университетінде Мәншүкке арналған музейдің директоры Сандуғаш Төлеуғалиқызы да сөз алып, батыр қыздың Семейдегі өмірінен, жүргізіліп жатқан шаралар туралы құнды ақпараттар берді. Сөз соңында семейлік ғалым М.Сұлтанбеков өзінің жазып жатқан еңбегінде Мамай батырдың ұрпағы Баян Байғожина да Әлияның ерлігін естіп соғысқа өз еркімен аттанғанын айтты.
Иә, Шығыстың қос шынары атанған қаһарман қыздардың жанкештiлiк ерлiк жолында үлкен рух, Отанына деген ұлы махаббаты тұр. Кеуделерін жау оғына төсеп, елінің тыныштығын ойлаған батыр қыздардың ерлікке, қайсарлыққа толы өмірлері кім-кімді болса да Отанын сүюге тәрбиелейтін өнегелі өмір. Соғысқа қатысқан адамдар әрқашан құрметке ие болуы тиіс.