Есімі еліне мәшһүр жазушы: әдеби кездесу
2014 жылдың 8 шілдесінде Абай атындағы әмбебап кітапханада Астана қаласынан келген Н.Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебінің оқушыларымен «Есімі еліне мәшһүр жазушы» атты тақырыпта жазушы Медеу Сәрсекемен әдеби кездесу өтті.
Жазушы Медеу Сапаұлының өмір жолында сүйіп шұғылданған, жазушылық қаламынан шыққан рухани істері мен өзі қатысқан мазмұнды оқиғалары туралы қызықты эпизодтарынан айтқан әңгімелерін жас жеткіншектер ұйып тыңдады.
Әр халық өзінің тұлғаларымен өседі, дамиды. Әсіресе, жазушының қазақтың маңдайына біткен үш алыбы: Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов, Е.Бекмаханов сияқты жарқын есімдердің шынайы бейнесін сомдап, «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен кітап етіп шығаруы қазақ әдебиеті тарыихындағы үлкен ерлік. Жазушы Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебінің оқушыларына: «Сендерге қызыға да, қуана да қараймын. Осы мектепте оқып жатқан сендердің білімдеріңнің де терең екенін сезіп отырмын, менің сендерге айтарым, оқыңдар, еңбектеніңдер, әсіресе, бар ғылымның анасы – математиканы жақсы білсеңдер әрі қарай қадамдарыңа жол ашық деп ойлаймын», -деген аталық тілегін жеткізді. Әңгіме барысында Медеу Сәрсекенің өмірі мен шығармашылығы туралы слайд көрсетілді, соңынан оқушылар мен мұғалімдер ризашылығын білдіріп, жазушы ағамен естелікке суретке түсті.