Халықаралық жастар күні. International Youth Day: ақпараттық сағат
2014 жылдың 5 тамыз күні Абай атындағы әмбебап кітапханасының шетел әдебиеттері бөлімінде халықаралық жастар күні қарсаңында «Жастар біздің болашағымыз» атты ақпараттық сағат өткізілді.
Ақпараттық сағатқа кітапханамыздың тұрақты оқырман жастары қатысты. Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастары болып табылады. Сондықтан 1999 жылдың 17 желтоқсанында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 12 тамыз – Халықаралық жастар күні деп бекітті. Ең алғашқы Жастар күні 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді. Ұлттың ұлы үміті – Жастар. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан ертеңгі елдің бақыты сендердің қолдарыңда деп Елбасымыз сенім артқандай, халық рухы – ел болашағы жастардың, бүгінгі тәуелсіз ұландардың қолында екені даусыз.
Ақпараттық сағатта жаңа әлемдегі жастардың проблемалары, жауапкершілік, білім, рухани тәрбие тағы да басқа жастарға қатысты өзекті мәселелелер жөнінде ақпараттар беріліп, қатысушы жастар өзара пікір таластырды. Өткен ақпараттық сағат жастардың азаматтық белсенділігін көтеріп, үлкен ой түйіп тарқасты.