Абай Құнанбаев – ұлтымыздың рухани мақтанышы: әдеби-сазды кеш
2014 жылдың 6 тамызында Абай атындағы кітапхана Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Қалалық мәдениет сарайымен бірлесіп, қазақтың Ұлы ақыны, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Абай ескерткіші алаңында «Абай Құнанбаев – ұлтымыздың рухани мақтанышы» атты әдеби- сазды кеш ұйымдастырды.
Қазақ халқының XIX ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Абайдың шығармашылық мұрасы- халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына.
Шараның өту барысында директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Г.М. Аязбаева, Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.К.Көпбаев құттықтау сөздерін арнады. Абайдың өлеңінен нәр алып, қара сөздерінен ой түйіп, ғұмырын Абайтануға арнаған белгілі жазушы, сыншы әдебиет пен өнер зерттеушісі, абайтанушы Т.С.Ибрагимов Абай туралы монологын оқыса, кітапхана және еңбек ардагері, Қоғам қайраткері С.Ж.Жұмағұлова Абай кітапханасына Абай есімінің берілу тарихы туралы айтып өтті.
Кешке қатысушылар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Мұқан Төлеубаев атындағы музыкалық колледж ұстазы Нұрлан Көшеровтың, «Татьянаның әнін» Қалалық мәдениет сарайының әншісі Алтын Смасейітованың орындауларында тыңдады. Ақын, өнертанушы Құсмілия Жырғалұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін оқып, Ақындар орталығының бір топ жас ақындары Абай өлеңдерін жатқа айтты. Шара соңында Абай рухына тағзым ретінде, гүл шоқтары қойылды.