Әлем Абайды тануы керек: американдық зерттеуші
2014 жылдың 13-14 тамызы күндері Абай атындағы әмбебап кітапханасында Американың Мәдениет дипломаты, «Компани Е» компаниясының бас директоры, Смитсон университетінің арнайы өкілі Пол Гордон Эмирсон мен аудармашысы А.Райымжанова болашақта Вашингтонда өтетін «Әлем Абайды тануы керек» жобасына мәліметтер жинау мақсатында іс-сапарда болды.
Кітапханамыздағы Абайдың рухани орталығында П.Г.Эмирсон қаланың және кітапхананың тарихымен, хакім Абайға нәр берген рухани құндылықтар – сирек кітаптар көрмесімен, ақынның мол мұрасымен, әлем тілдеріндегі шығармаларымен танысып, өнер дүлдүлдері – Т.Рахимов, М.Сыдықов және Б.Түктібаевтың орындауында бірнеше Абай әндерін, Б.Исабаев, Т.Ибрагимов, М.Мұхамадиұлы, М.Сұлтанбековтердің ұлы тұлға жайлы пікірлерін бейнетаспаға жазып алды.
Шетелдік қонақтар Күшікбай жотасындағы батырға арналған ескерткіш – монумент, «Еңлік-Кебек» кесенесі, «Қоңыр әулие» үңгірі мен Шыңғыстау жеріне байланысты тарихи-әңгімелерге қанық болды. Жидебайдағы Абайдың қорық-мұражайы мен Бөрілідегі М.Әуезовтың мұражай үйін аралап, ұлылар туралы мол ақпарат алды. Ғұлама ақын Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне тағзым етіп, зор ықыластарын білдірді. Қаламыздағы Ә.Молдабаевтың үйі, Абай алаңындағы ұлы ақынның парасаттылыққа толы бейнесі П.Г.Эмирсонге қайталанбас әсер қалдырды. Рухани мол мұраға кенелген кітапхана қонақтары ризалық сезімін білдіріп, зор ықыласпен аттанды.