Сымбаты бөлек сырлы әлем: көрме-диалог
2014 жылдың 12 қыркүйегінде Абай атындағы кітапхана «Бір ел бір кітап акциясы» аясында, «Сымбаты бөлек сырлы әлем» атты көрме-диалог ұйымдастырды.
Дәстүрге айналған «Бір ел – бір кітап» акциясының биылғы кезегі көрнекті көркемсөз шебері Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Басында Үшқараның…» атты шығармаларын бір ел болып оқуға арналған. Сайын Мұратбеков – әдебиетімізге өзіндік тақырыбымен, өзіндік стилімен, өзіндік образ өрнектеу ерекшелігімен келген жазушыларымыздың бірі. Қазақ әңгіме жанрының көркемдік дамуына елеулі үлес қосқан талантты жазушы өмір құбылыстарын бейнелеуде суреткерлік шеберлігін танытқан. Ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі, қуаныш-реніші жазушы әңгімелерінің өзекті арқауы. Автор қарапайым кейіпкердің басында болатын әрқилы психологиялық сезім сипаттарын, толғаныс, тебіреністерін аса бір дәлдікпен, нәзік суреттейді. Көрме-диалогта Сайын Мұратбековтің қаламынан туған шығармалары, мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар оқырман назарына ұсынылған.