Поэзия бұлағы: тұсаукесер
Абай атындағы кітапханада 2014 жылдың 8 қараша күні жас таланттардан құралған «Поэзия бұлағы» атты ақындар клубының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Поэзия бұлағы» жас ақындар клубы – оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың жалпы қаламгерлік, ақындық қызығушылықтарын, әртүрлі әдеби сұраныстарын қанағаттандыру, жас ақындарымызды қалың жұртшылыққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылған.
Клубтың ашылу салтанатында аға буын ақындарымыз Төкен Ибрагимов пен клуб жетекшісі Мұратбек Оспанов жас ақындардың ақындық өнер жолындағы алғашқы қадамдарына ақ тілектерін білдірсе, Семей қалалық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева және ақын Құсмілия Нұрқасым өлең өлкесіне қанат қаққан, қазақтың қара сөзінен маржан терген жастарға ақындық шабыттың шалқарында болуларын тіледі. Әміре Қашаубаев атындағы қалалық Филармония әншісі- Гүлшат Еруова және Шәкәрім атындындағы Университеттің студенті, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Ісбек Наурызхан ақындар мен мерекелік шара қонақтарына ән-шашу арнады. Мерекелік шараның өту барысында жас ақындар өз жырларын жатқа айтып, кеш қонақтарын бір марқайтып тастады.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жүрегінде оты, жырының жалыны бар ақындықтың сара жолына түскен жас ақындарымызға тек қана сәттілік тілейміз.