Қазақ бұлбұлы: тақырыптық көрме
Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың туғанына 85 жыл толуына орай Абай атындағы кітапхананың өнер бөлімінде Қазақ бұлбұлы тақырыптық көрме ұйымдастырылып, шолу өткізілді. 2014 жылдың 18 желтоқсанында өткізілген іс-шараға Семей медицина академиясының студенттері және «Достық құшағы» ән-би ұжымының әншілері қатысты.
Бибігүл Төлегенова – әлемдік санаттағы әнші, жоғары деңгейдегі опера жұлдызы.
Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, вокальдық классика шығармалары, қазіргі замандық композиторларының романстары, әндері бар. Б.Төлегенова ұлттық опера өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ең үздік партиялары: Жібек (Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібегі”), Гүлбаршын (Е.Рахмадиевтің “Алпамысы”), Еңлік (Ғ.Жұбанованың “Еңлік-Кебегі”) және т. б. Б.Төлегенова сондай-ақ “Дала қызы”, “Біздің сүйікті дәрігер”, “Бұл Шұғылада болған”, “Тақиялы періште” кинофильмдерінде ойнады.
Көрмеге Бибігүл Төлегенова жайында жарық көрген кітаптар, мерзімді басылымдар және концерттерге киген костюмдері, жеке заттары мен әр жылдары алған марапаттарын бейнелеген фотосуреттер қойылды. Әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Күміс көмей әнші» атпен арнайы дайындалған буклеттер таратылды.
Іс-шара соңында қалалық Достық үйіндегі «Достық құшағы» ән-би ұжымының әншісі Хозаева Қалия Укайқызының орындауында Б.Төлегенованың репертуарындағы «Гәку» әні орындалды.