Ортаға салсам ойымды: бейнежазба
2015 жылы қаңтардың 12-13 күндері Абай атындағы кітапхананың ақпараттық библиографиялық бөлімі Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай қаламыздың ардақты азаматтары-абайтанушы Т.С.Ибрагимовпен; абайтанушы, Мәдениет қайраткері М.Қ. Жүнісовамен; өлкеміздің қадірменді ақсақалы Б.Исабаевпен және Республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ақын М. Оспановпен әңгіме-сұхбат жүргізді.
Өткен 2014 жылы «Туған өлкенің тарихы мен жетістіктері» жобасы аясында өлкеміздің бірнеше қадірменді жазушыларымен, ғалымдарымен сұхбат бейнежазбаға түсірілген болатын. Осындай игі бастама биыл да жалғасын тауып өлкетану қорымыз жаңа жазбалармен толыға түсті.
Сұхбат барысында ұлы Абайдың ақындық шеберлігі, ақындық мектебі, жалпы Абайдың адами болмысына байланысты сұрақтар қойылып, тың мәліметтер алынды. Бүкіл ғұмырын Абайға арнаған Т.С. Ибрагимов өзін абайтанушы ретінде қалай қалыптастырғаны, Абайдың ақындық мектебінің түп-төркіні туралы түйген ой -түйінімен бөліссе, М.Қ. Жүнісова ақын шығармашылығы және орыс достары туралы көпшілікке әлі де таныс емес архив мәліметтерінен деректер келтіре отырып әдемі баяндап берді.
Қарт ұстаз–шежіреші Б.Исабаев М.О. Әуезовтің өз аузынан естіген Абай туралы естеліктерін алға тартса, ақынды жастайынан ұғып өскен М.Оспанов ақын мұраларының қазіргі таңда қалай насихатталып жатқандығы туралы өзекжарды ойларын ортаға салды.
Кітапханамыздың пайдаланушылары алдағы уақытта осы бейнежазбаларды «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» сайтының «Абай -170» атты айдары арқылы таныса алады.